Рютте: Қытай Ресейге НАТО аумағына шабуыл жасау жайлы қолқа салуы мүмкін

НАТО бас хатшысы Марк Рютте

НАТО бас хатшысы Марк Рютте Пекин Тайваньға қарсы күш қолдануға шешім қабылдаған жағдайда, Қытай басшысы Си Цзиньпин Еуропа назарын Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы жағдайдан басқа жаққа бұру үшін Ресей президенті Владимир Путинге "НАТО аумағына шабуыл жасауды" сұрап қолқа салуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Рютте бұл пікірін 5 шілде күні The New York Times басылымы жариялаған сұхбатында айтқан. Ол жағдай осылайша өрбуі мүмкін екені жайлы ой барған сайын артып келе жатқанын атап өтті.

НАТО басшысының сөзінше, Пекин мен Мәскеуді тежеу үшін екі басты қадам қажет. Біріншісі – Батыс альянсының бірлескен күш-жігерін "орыстар ешқашан шабуыл жасай алмайтындай етіп" нығайту. Екінші міндетті шара ретінде Рютте Үнді-Тынық мұхиты аймағымен қорғаныс өнеркәсібі және инновация саласында бірлескен жұмысты атады. Оның айтуынша, мұндай ынтымақтастықты АҚШ президенті Дональд Трамп басқаратын әкімшілік белсенді түрде алға жылжытып отыр.

"Біз зор геосаяси сын-қатермен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл ең алдымен – Ресей. Ол кейінгі тарихта бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен қайта күшейіп жатыр. Қазір олар НАТО-ға мүше елдердің барлығы бір жылда шығаратын оқ-дәріні үш есе көп мөлшерде үй айда өндіреді", – деді Рютте.

The New York Times газетіне берген сұхбатта ол НАТО мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа, әсіресе республикашыл Дональд Трамптың Ақ үйге қайта оралуынан кейінгі жағдайға кеңінен тоқталған. Басылымның жазуынша, Трамп ұзақ уақыт бойы НАТО-ға күмәнмен қарап келген, ал президент лауазымындағы бірінші мерзімі кезінде өз елі бұл ұйымнан шығатынын айтып, сес көрсеткен кездері де болған.

Газеттің бір сұрағына берген жауабында Рютте Дональд Трамптың НАТО елдері қорғанысқа биыл ЖІӨ-нің кемінде 2 пайызы мөлшерінде қаражат бөлуі керек деген бұрыннан айтып жүрген талабын орынды көретінін аңғартты.

"Президент Трамп барша мақтауға лайық, өйткені дәл оның көшбасшылығы, биыл 2 пайыз бен 2035 жылға дейін 5 пайызға жету талаптары болмағанда біз бұл мәселеде келісімге ешқашан ол жеткізе алмас едік", – деді НАТО басшысы.

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров маусым айының аяғында Қырғызстанға сапармен барған кезде, НАТО елдерінің әскери бюджеттерін ұлғайтуы "бұл ұйымның күйреуіне алып келеді" деп мәлімдеген. Бұған қоса Лавров НАТО елдері "қиял-ойдан шығарылған қауіп-қатерлерге" сүйеніп шешім қабылдайды деген.

  • 2025 жылғы 25 маусымда Гаагада өткен Солтүстік Атлантикалық одақ (НАТО) саммиті қабылдаған декларацияда Ресей Еуроатлантика аймағындағы қауіпсіздікке "ұзақ мерзімді қатер төндіреді" деп айтылған. Одақтастар қорғаныс шығындарын 2035 жылға дейін ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін арттыруға келіскен.
  • Пекин Тайваньды өзінің бүлікші аймағы санайды және аралға бақылау орнату қажет деп тапқан жағдайда күш қолдануға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген. Алайда тайвандықтардың басым бөлігі Тайванның де-факто тәуелсіздігі мен демократиялық мәртебесін қолдайды. Аралға байланысты кез келген әскери қақтығыс бола қалса, оған АҚШ араласуы мүмкін, өйткені ол аймақтық коалициялардың мүшесі және АҚШ қабылдаған заңдарға сәйкес, Тайваньға төнген кез келген қауіп "ерекше маңызға ие мәселе" деп қарастырылады.
  • Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғысында бейтарап позиция ұстанатынын жариялап, бітімге келуге үндеп жүрген Пекин Мәскеумен белсенді байланыстарын жалғастырып отыр. Екі елдің басшылары – Владимир Путин мен Си Цзиньпин ондаған мәрте кездесіп, 2022 жылдың ақпанында, Ресейдің Украинаға ауқымды басқыншылығы басталардан үш апта бұрын "шекарасыз стратегиялық әріптестік" туралы келісімге қол қойған. Қытай – Ресейдің ең ірі сауда серіктесі, ол Мәскеуге Батыс санкцияларының салдарын еңсеруге көмектесіп отыр.