Түркияда оппозициялық үш мэр қамауға алынды

Түркияның оппозициялық Республикалық халық партиясы (CHP) лидері Өзгүр Өзел қазір қамауда отырған Стамбұл қаласының мэрі Экрем Имамоғлының суреті салынған саяси жарнаманың алдында тұр.

5 шілде күні Түркияда оппозициялық Республикалық халық партиясын (CHP) қолдайтын тағы үш мэр сыбайлас жемқорлық ісі аясында қамауға алынды. Жұрт арасында 2024 жылғы жергілікті сайлауда сенімді түрде жеңіске жеткен CHP-ны қолдаушылар күрт артып, президент Режеп Тайып Ердоғанның Әділет және даму партиясының (AKP) рейтингі төмендей бастаған шақта жүргізілген бұл тұтқындаулар – биліктің оппозициядан сайланған адамдарға көрсетілген қысым науқанының келесі кезеңі іспеттес болып отыр.

Жаңа тұтқындауларға ілік болған тергеу бұған дейін Стамбұл қаласының мэрі, Ердоғанның басты саяси бәсекелестерінің бірі және 2028 жылғы президент сайлауында CHP кандидаты болады делінген Экрем Имамоғлының қызметінен шеттетілуіне алып келген болатын. Биыл наурыз айында Имамоғлының тұтқындалуы бүкіл ел бойынша 2013 жылдан бергі ең ауқымды наразылықтарға себеп болды. Оппозицияны қолдайтын аймаққа жататын Измир қаласында осы аптаның басында полиция 120-дан астам адамды ұстаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қымбатшылық елді саясиландырды". Түркиядағы наразылық Орталық Азия тумаларының көзімен

5 шілде күні ұсталғандар арасында – оңтүстіктегі Адана қаласының мэрі Зейдан Қаралар, Анталия курортты қаласының мэрі Мұхиттин Бөжек және оңтүстік-шығыстағы Адыяман қаласының мэрі Абдуррахман Тұтдере бар. Anadolu агенттігінің мәліметінше, Адана мен Адыяман мэрлері тендерлер өткізу барысында жасалған болуы мүмкін алаяқтық пен пара алу оқиғаларына байланысты қозғалған іс аясында тергеуге алынған. BirGün сайты Бөжек Анталия прокуратурасы бастаған бөлек тергеу ісі аясында қамауға алынған деп хабарлады. Онымен бірге ұлы да тұтқындалған.

Оппозиция көшбасшылары биліктің бұл әрекеттерін айыптады. Анкара мэрі Мансұр Яваш: "Егер елдегі заң саяси мүдделерге бағынышты болса, ал әділдік іріктеп қана қолданылса, онда әділет жүйесіне сенім жайлы айтудың өзі артық", – деп мәлімдеп, әділетсіздік пен саяси қысымға CHP өкілдері көнбістік танытпайтынын айтты.

Сенбі күні Анкарада 2023 жылы өткен CHP съезінде дауыс сатып алынған деген күдікпен қозғалған істің тыңдауы жалғасты. Бұл іс көктемдегі наразылықтардан кейін жұрт арасында кең қолдауға ие болған партияның қазіргі жетекшісі Өзгүр Өзелді сайлаған шешімнің күшін жоюға алып келуі мүмкін дейді бақылаушылар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Стамбұл мэриясының ондаған шенеунігі "пара алған" және "бопса жасаған" деген күдікпен ұсталды